«Айкүне» — халықтық емдеу тәсілі. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы
Медицинаның дамыған заманында қазақтың сынықшылық өнеріне сынай қарайтындар көп. Бірақ ата-бабамыздан келе жатқан емдеудің осы тәсілі ресейлік ғалымдардың өзін таңқалдырып отырған көрінеді.
Қазақ сынықшылары қолданған мыңнан астам тәсілді жинақтап, «Айкүне» деп аталатын жаттығу түрін ойлап тапқан жерлесіміз Абай Баймағамбетовке «Ресейдің ең үздік шипагері» деген атақ берілген. Таяуда Отанына оралған жерлесіміз енді осы емдеу тәсілімен сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндерді емдемек.
Сынықшының алдына алғаш болып келгендердің бірі — 4 жасар Ерсұлтан. Туғаннан сал ауруына шалдыққан бала жүру былай тұрсын, екі аяғын тең басып тұра алмайды.
Сынықшының жаттығуы бар-жоғы жеті минутқа созылды. Қас пен көздің арасындағы нәтижеге таң қалмасқа шараң жоқ. 3 жасар Инаяттың да осы жаттығудың арқасында мойын сүйегі қатайып, басын тік ұстай алатын халге жетіпті.
Майя Бекбаева, Инаяттың анасы:
Жан-жағына қарай бастады. Міне, қазір мені іздеп қарап жатыр басын көтереді.
Абай Баймағамбетовтың айтуынша, Айкүне жаттығулары омыртқа, буын, демікпе ауруларына мың да бір ем. Ресейде қызмет еткен жылдары он мыңға жуық науқасты осы тәсілмен аяғынан тұрғызыпты. Енді ашқан жаңалығын туған Отанында жүзеге асырмақ.
Абай Баймағамбетов, «Айкүне» — қазақ гимнастикасы» жобасының авторы:
Алғашқы екі дәрісті шәкірттеріме өткіземін. Сосын олар мүгедек баласы бар ата-аналарға үйретеді. Шеберлік сыныбы бастан-аяқ тегін жүргізіледі. Бір жарым жыл емделіп жеткен нәтижеге мұндай жаттығудың арқасында ары кетсе он бес минутта қол жеткізуге болады.
Жаттығудың қимылдары да, атауы да қазақы. Мәселен, бұл адай руының таңбасы жебені бейнелейтін, адай жаттығуы. Ал мынау төбеден қарағанда албан таңбасы шөмішке ұқсағандықтан албан жаттығуы деп аталады.
Бұдан өзге де атауы қазақтың шежіресімен байланысты екі мыңға жуық жаттығу түрі бар. Сынықшы, қазақтың атқа отыру, малдас құруының өзі талай ауруға ем екенін айтады.
Айтпақшы, зілтемір көтеруден екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің өзі Пекин олимпиадасында алған жарақатынан осы «Айкүне» жаттығуының арқасында айығыпты. Енді жаттығудың бұл тәсілін кез келген астаналықтың меңгеруіне мүмкіндік бар.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
Құрметті оқырма
http://kaztrk.kz/kaz/news/medicine/Ajkune_-_haliktik_emdeu_tasilirn_id1376315766.html#go